Қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы Ұлттық баяндама

Батыс Қазақстан облысы

Статистика деректері бойынша облыста стационарлық көздерінен атмосфераға зиянды заттар шығарындылары 2012 ж. – 62,0 мың тоннаны, 2013 ж. – 60,4 мың тоннаны, 2014 ж. – 44,7 мың тоннаны,  2015 ж. – 42,4 мың тоннаны, 2016 ж. – 42,5 мың тоннаны құрайды.

Ұсынылған есептер бойынша 2016 жылы апаттық шығарындылар бөлінбеді. Автомобиль көлігінен бөлінген шығарындылар көлемі сол күйінде қалып отыр. Оның үлесіне жалпы шығарындылардың 70%-дан астамы келеді.

1-схема. 2012-2016 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы автокөлік құралдары санының өзгеруі

Автокөліктің жалпы саны 195 931 бірлік, оларды пайдалану ұзақтығы бойынша алғанда неғұрлым көп бөлігін 25 жылдан астам жастағы автокөлік құрайды. Бұл көлік иелерінің көпшілігі оларды есептен шығармауына байланысты.

«Қазгидромет» РМК-нің Батыс Қазақстан облысындағы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылауы Орал, Ақсай және Березовка, Январцево кенттеріндегі 6 стационарлық бекетте жүргізілді. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК арқылы Орал қаласында (2 нүкте) және Январцево кентінде (1 нүкте) эпизодтық бақылаулар жүргізілді.

Стационарлық бақылау желілерінің деректері бойынша Орал қаласындағы, сондай-ақ Березовка және Январцево кенттеріндегі атмосфералық ауа төмен деңгейдегі ластануымен сипатталады. Ақсай қаласындағы атмосфералық ауа төмен деңгейдегі ластануымен сипатталады.

Толық ақпарат «Қазгидромет» РМК-нің сайтында (https://kazhydromet.kz/kk/bulleten/okrsreda?year=2016) орналастырылған

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жерүсті суларының ластануына «Қазгидромет» РМК 9 су объектісінде: Жайық, Шаған, Деркөл, Елек, Шыңғырлау, Сарыөзен, Қараөзен өзендерінде, Көшім арнасында, Шалқар көлінде бақылау жүргізді.

Көшім арнасындағы судың сапасы «нормативті-таза» ретінде бағаланады, Жайық, Шаған, Деркөл, Елек, Шыңғырлау, Сарыөзен, Қараөзен өзендеріндегі судың сапасы «орташа деңгейде ластанған», Шалқар көліндегі су сапасының – «жоғары ластанған деңгейде» ретінде бағаланады.

БПК5 бойынша  судың сапасы барлық су объектілерінде «нормативті-таза» түрінде бағаланады. 2015 жылмен салыстырғанда БПК5 бойынша  Қараөзен өзеніндегі судың сапасы – айтарлықтай өзгермеген; ал қалған су объектілерінде – жақсарған. Оттегі режимі нормада.

Толық ақпарат «Қазгидромет» РМК-нің (https://kazhydromet.kz/kk/bulleten/okrsreda?year=2016) сайтында орналастырылған

2016 жылдағы жерлерді санаттары бойынша бөлу, мың га:

– ауылшаруашылық мақсаттағы – 6225,4;

– елді мекендер жері – 2323,7;

– өнеркәсіп және басқалар жері – 39,9;

– ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – 12,4;

– орман қоры – 216,7;

– су қоры -75,5;

– қордағы жерлер -4775,2;

– объектілерді салу кезінде зиян келтірілген жерлер – 0,13.

Барлық жер – 15133,9.

2016 жылы, тұтастай алғанда, жаңа құрылған 527 агроұйымға 345,5 мың га жер берілді, бұл ауыл шаруашылық айналымына тартылған жерлердің үлесін 6%-ға арттырды.

Облыс республикада аумағының ауданы бойынша алтыншы орынды иеленеді.

– Ластануы нәтижесінде айналымнан шығарылған жерлердің жалпы ауданы  – жоқ.

– Қайта қалпына келтіруге жатпайтын жерлер – жоқ.

– 2010 жылы қайта культивацияланған жерлер ауданы – 0,569 мың га.

– Шөлейттенген жерлер – жоқ.

– Ірі кәсіпорындар бойынша қайта культивацияланған жерлер ауданы– 0,13 мың га.

Көктемгі және күзгі маусымда «Қазгидромет» РМК Орал қаласындағы топырақтың ауыр металдармен ластануы жай-күйінің мониторингін жүргізді. Көтемгі кезеңдегі Орал қаласындағы топырақ сынамаларындағы хром  – 0,1- 0,5 ШЖК, қорғасын  – 0,02-0,06 ШЖК, мырыш – 0,14-0,55 ШЖК, мыс – 0,55-0,87 ШЖК және кадмий – 0,32-0,84 ШЖК деңгейінде болды.

Күзгі кезеңдегі Орал қаласындағы топырақ сынамаларындағы хром – 0,49-1,58 мг/кг, қорғасын – 0,65-2,3 мг/кг, мырыш – 4,15-7,67 мг/кг, мыс – 1,24-1,89 мг/кг және кадмий – 0,09-0,18 мг/кг деңгейінде болды.

Толық ақпарат «Қазгидромет»  РМК-нің (https://kazhydromet.kz/kk/bulleten/okrsreda?year=2016) сайтында орналастырылған

Облыс аумағында 51 жер қойнауын пайдаланушы бар, оның ішінде:  кең таралған пайдалы қазбалар карьерлерін қазумен – 34, қатты пайдалы қазбаларды алумен – 3, көмірсутек шикізаттарын барлау және өндірумен – 9 (оның барлау және өндірумен айналысатыны – 2), жерасты суларын өндірумен – 5 жер қойнауын пайдаланушы айналысады. Жалпы жер қойнауын пайдалану объектілері – 60.

Қазақстандағы ормандардың өте аз болуына қарамастан Батыс Қазақстан облысы орман қорлары мен аңшылық ресурстары жөнінен айрықша орын алады. Бұл географиялық орналасуымен және табиғи ландшафтарының саналуандығымен сипатталады.

Мемлекеттік орман қорының деректері бойынша 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жабайы жануарлар саны төмендегі схемада  берілген.

2-схема. 2016 жылдағы жабайы жануарлар саны

Соңғы деректер бойынша мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 216,8 мың га-ны,  оның ішінде орман жамылғысы бар алқаптар 102,8 мың га-ны (жоспар – 102,8 мың га) құрайды.

Батыс Қазақстан облысының аумағында мемлекеттік және облыстық маңызы бар табиғи қорық қорының 10 объектісі жұмыс істейді. Оның ішіндегі 3 объекті табиғи қаумал мәртебесіне ие. Олар – Кирсанов, Бударин және Жалтыркөл қорықшалары.

Батыс Қазақстан облысындағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан  өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тіршілік ету ортасын сақтау, оларды қорғау және өсімін молайту жағдайларын жақсарту мақсатында жергілікті маңызы бар 7 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар объектісі құрылған.

Жергілікті жердегі гамма-сәулелену деңгейін «Қазгидромет» РМК-нің бақылауы күнделікті 2 метеорологиялық станцияда (Орал, Тайпақ) және Орал қаласындағы атмосфералық ауаның ластануын бақылайтын  3 (№2 ЛБП; №3 ЛБП), Ақсай (№4 Ақсай ЛБП) автоматты бақылау постыларында жүзеге асырылады.

Облыстың елді мекендеріндегі атмосфераның төменгі қабаттарының радиацялық гамма-фонының орташа мәні 0,003-0,29 мкЗв/сағ шегінде болды.

Жалпы облыс бойынша радиацялық гамма-фон 0,11 мкЗв/сағ құрады және жол берілген мөлшерде болды.

Толық ақпарат «Қазгидромет»  РМК-нің (https://kazhydromet.kz/kk/bulleten/okrsreda?year=2016) сайтында орналастырылған

Облыстың 11 кәсіпорны өз жұмысында жалпы активтігі 86907,77 ГБк –ні құрайтын иондаушы сәулелендірудің 81 көзін пайдаланады. 2016 жылы радиоизотоп көздері ұзақ уақыттық сақтауға тапсырылмады.

2016 жылы облыс бойынша 108,9 мың тонна (173,9 кг/адам/жыл) қатты тұрмыс қалдықтары  (бұдан әрі – ҚТҚ) түзілді, оның ішінде 1,6% сұрыпталды және қайта өңделді. ҚТҚ-ның қалған көлемі 318 полигон мен қоқыстарда орналастырылған, оның тек 2,5% ғана экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкес келеді. 409 (98,6%) объекті экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкес келмейді, 306 объекті қалпына келтіруді қажет етеді.

Орал және Ақсай қалаларында қоқысты сұрыптайтын желілері бар ҚТҚ полигондарын салу жоспарланып отыр, олар сонымен бірге жақын маңдағы елді мекендерге де қызмет көрсететін болады. Қазтал ауданының Қазтал және Жалпақтал кенттерінде және Тасқала ауданының Тасқала кентінде ҚТҚ полигондарын салуға арналған ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Жергілікті бюджет қаражатынан 9 млн теңге бөлінді. Облыс тұрғындарының 60,8% қоқыс шығару қызметімен қамтылған.

Қазіргі уақытта облыста ҚТҚ бөлек жинауды, сұрыптауды және қайта өңдеуді жүзеге асыратын 12 кәсіпорын жұмыс істейді.

2015 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен сомасы 22,2 млн теңге болатын Орал қ. жаңа полигонының құрылысына ТЭН әзірлеу жұмыстары басталды.